2025 жылдың 25 қазан күні №3 жалпы білім беретін мектептің 7 «А» сыныбында «Республика - менің тірегім» атты сынып сағаты өтті. Сабақты сынып жетекшісі Бұхарбай Арайлым өткізді.
Сабақтың мақсаты - Республика күнінің маңызын түсіндіру, оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жолындағы тарихи кезеңдер туралы түсініктерін кеңейту болды.
Сынып жетекшісі оқушыларға Республика күнінің мәні мен тарихын түсіндіріп, бұл мерекенің еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің бастауы екенін атап өтті. Сабақ барысында ұстаз 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» ел дамуындағы тарихи рөліне ерекше тоқталды. Бұл құжат тәуелсіз Қазақстанның іргетасы болған аса маңызды тарихи шешім екені айтылды.
Оқушылар өз ойларын ортаға салып, еліміздің жетістіктері мен Тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи оқиғалар туралы пікір алмасты. Сабақ соңында оқушылар Отанға деген сүйіспеншіліктерін білдіріп, «Мен - өз елімнің патриотымын!» деген ұранмен сабақты қорытындылады.